Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі

Мектептің тәрбие жоспарына сәйкес қаңтар айының 25-сі М.Ахетбеков атындағы орта мектебінде «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі тақырыбына әжелер мен аналар кеңесінің бірлескен отырысы өтті.

Мақсаты: Қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрлерін қыз баланың бойына сіңіре отырып, қыз балаға келешекте ана, ақ босағаның аруы, шаңырақтың құт-берекесі екенін ұғындырып, әдептілікке, сыпайылыққа, инабаттылыққа, мол мейірімділікке, төзімділікке, шыншылдыққа баулып, ар тазалығын жоғары ұстайтын қылықты қыз тәрбиелеу.

Музыкалық номер «Ана жүрегі» биі

Жоспар:

  1. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының кіріспе сөзі;
  2. Әжелер кеңесі төрайымының сөзі;
  3. «Ана қадірі» бейнесюжетін көру;
  4. Шығармашылық жұмыс:

І топ- «Ел болам десең бесігіңді түзе»

ІІ топ – «Қыз – қызғалдақ»

ІІІ топ – «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда»

  1. Жүргізушінің қорытынды сөзі;
  2. Қонақтар: Әжелер, аналар кеңесі мүшелері, мектеп ұстаздары, жоғары сынып қыздары.

І

Қайырлы күн, асыл әжелер, ардақты аналар, бойжеткен қыздар!

«Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» атты әжелер мен аналар кеңесінің бірлескен отырысына қош келдіңіздер!

Қазақта «Руыңды сақтағың келсе ұлыңды тәрбиеле, ұлтыңды сақтағың келсе – қызыңды тәрбиеле» деген нақыл сөз бар.

Қазіргі заман қыз бала тәрбиесіне ерекше мән беруді талап етеді. Себебі қызды тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу деген сөз. Отбасы – қоғамның бір бөлшегі. Ал отбасының алтын қазығы – әйел адам. Бесігінде жақсы тәрбие алған, үлгі – өнеге көрген қыз бала келін болғанда да сол әдетін сақтайды ғой. Сондықтан да бүгінгі пікір алмасу кешімізде ұлттық салт-дәстүріміздің қыз бала тәрбиесіне байланысты тұстарын бөліп алып, абыройлы қыз, ибалы келін тәрбиелеуді мақсат етіп қойдық.

Соңғы кездері қыздардың арасында темекі тартып, нашақорлыққа бой ұрғандары да кездесіп жүр. Келешекте ондай әйелдер қандай ұрпақ әкеледі?! Онсыз да халқымыздың денсаулығына әсер етіп жатқан экологиялық факторлар аз ба? Қала берді, тәнін саудаға салып, жезөкшелікке салынған қаракөздеріміз де кездесіп отыр. Дүйім жұртты дүр сілкіндірген тастанды балалар оқиғалары БАҚ мен әлеуметтік желілерді жаулап алды. Ең өкініштісі – осы оқиғалардың жағымсыз кейіпкерлері – оқушы қыздардың болуы.

Қазақ даласында әжелер мектебінің ұрпақ тәрбиесіндегі маңызының зор болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл ретте Абайдың әжесі Зере, Шоқанның әжесі Айғаным, одан қала берді Ұлжан мен Ұлпан әжелер туралы айтсақ та жеткілікті. Иә, әжелер – даналықтың бұлағы. Қай бала да әжесінің әлдиі мен ертегісін, ұлағатты сөздерін ести келе жақсы азамат болып өседі. Осы ретте мектебімізде әжелер мен аналар кеңесі құрылған. Сөз кезегін осы әжелер кеңесінің төрайымы Қасымова Роза Хамзиновнаға береміз.

ІІ

Роза Хамзиновнаның сөзі

ІІІ

«Ана қадірі» бейнесюжетін көру;

Бұндай жат қылықты қыздар қайдан шығады? Қоғамды түзетудің, сауықтырудың кілті кімде? Осал тұсымыз қай жер? Кінәлі кім? Отбасы ма, мектеп пе, ақпараттық ағым ба? Осындай рухани дағадарыстың себебін іздестіріп, содан шығудың жолдарын тауып көрейік. Қазір топтық шығармашылық жұмыс жасаймыз:

І топ- «Ел болам десең бесігіңді түзе» - қоғамдағы келеңсіз жағдайлардың себеп – салдарын анықтау;

ІІ топ – «Қыз – қызғалдақ» - қазақ қызына тән қасиеттерді айту;

ІІІ топ – «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» аға ұрпақ әжелеріміздің ақыл-кеңестерін тыңдау;

«Ана» әні Қален Альбина

ІҮ

Қорытынды: Қыз баланың мына өмірдегі міндет-парызының жүгі ауыр, әрі ардақты. Ол – адамзат ұрпағын дүниеге әкелетін болашақ ана, үй ұстап, күйеу күтетін адал жар, ата-ана сыйлап, иілетін қамқор келін. Ол осыны қаласын, қаламасын, бұл – өмір заңы. «Жігітті тәрбиелеген – әскерді тәрбиелейді, қызды тәрбиелеген – ұлтты тәрбиелейді» - деген ғой дана халқымыз. Халықтың рухы, жаны, тарихы, арман-үміті болып табылатын тілді де, басқаша емес, «ана тілі» деп атау тегіннен тегін емес екені анық. Бұл – ұлттың тілі, дәстүрі, тарихы, әдебиеті мен мәдениеті жас ұрпақ бойына ана сүтімен дариды деген сөз. Сондықтан қыздар өз бойын күтуді, нәрестелі болудың барысын білуі, соған іштей әзірленіп, үйренуі тиіс. Ол өз халқының озық тәрбие дәстүрі, өткен-кеткен тарихы, өмір салты жайында жақсы біліп, соны айтып бере алатын болса, нұр үстіне нұр.

Сөз соңында қыздарға мына өлең жолдарын арнағым келеді:

Өмір қатал, кешірмейді ойынды,

Ұқпайды да кейде ізгі ойыңды.

Тағдыр жолың жіңішкелеу өмірде,

Жаман аттан аулақ ұста бойыңды.

Қыз ғұмырың үлпілдеген гүл дер ем,

Тербетілген ақ самалмен, күнменен.

Абайлап жүр, ерте үзуге тым құмар,

Тасбауырлар қадіріңді білмеген.

Байқа ботам, өте нәзік жаның да,

Аңқау болма, қызыққа көп салынба.

Кір келтірме, қыз атыңа, арыңа,

Шалыс басып түсіп кетпе жалынға.

Төтеп берсін дауылдарға желкенің,

Сарқылмасын бал қылықты ертегің.

Күрес еркем, жамандықпен жасымай,

Күндей нұрлы болу үшін ертеңің!

Ү

Осымен «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» атты сырласу кешіміз өз мәресіне жетті. Мәпелеп өсіріп отырған бойжеткен қыздарымыз келешекте дені сау, рухы биік, жаны жайдары, талабы зор, мақсаты айқын, жүріс – тұрысы келісті, тәрбиелі ару болып шығуларына тілектестіз.

Дата публикации: 26.01.2023